Home » Бұлағы — тәнге шипа, дұғасы — жанға демеу Әлмерек әулие

Бұлағы — тәнге шипа, дұғасы — жанға демеу Әлмерек әулие

Қазақ даласы айтылған дұға, тіленген тілек қабыл болатын қасиет тұнған жерлерге бай екендігі ақиқат. Сондай киелі жерлердің заманының көсемі, абызы, батыры болған Әлмерек баба жатқан жер. Алматыдан 30 шақырым солтүстікке қарай зират басына кесене соғылған.

Ұлы жүздің албан руынан шыққан Әлмерек батыр 22 жасында қалмақтың Шонжы деген батырының басын алған екен. Асқан батырлығымен көзге түскен жас жігіт өмірінің орта шағында рубасы, айтқаны айдай келген аузы дуалы абыз болған екен. Иісі қазаққа белгілі Райымбек батыр, мүйізді Өтеген, Малай сынды батырлар жорыққа шығарда Әлмеректен бата алған деседі.

Әлмерек Тәуке ханның Жеті жарғысын жазуға ат салысқан Жетісудің ықпалды азаматтарының бірі болған.

Оның әулиелігі жайлы айтылып жүрген тәмсіл көп.

«Бірде Әлмерек түсінде аян алып, найман елінің көсеміне шабарман жібереді. Еліңді алысқа көшір, жау шабады деп. Әлмеректің ол кезде дәрежесі аса өсе қоймаған кез. Найман елінің көсемі айдаладағы Әлмеректің түсін неғылсын. Шабарманды сабап сабап қоя береді. Алайда, аз күн өте салысымен найманды қалмақ қырып кетеді. Сол кезде 2 өгізімен ғана қалған рубасы Әлмеректің алдына жығылыпты-мыс. Содан оның абыройы асқақтап кеткен екен», — деді шырақшы Сәбит Сүйгенбайұлы.

Әлмеректің 3 некеден 8 ұлы қалған екен. Олардың 5-і рулық дәрежеге жеткен.

«Үш анамыз 3 жүзден екен. Үлкен анамыз шапыраштының қызы, ортаншы анамыз орта жүздің қызы. Кіші анамыз кіші жүздің қызы деп топшылаймыз. Үйткені 80 асқанда некеленіп, ол кісі Еділ, Жайық, Жұмық деген 3 ұл туып берген. Балалардың атына қарап, сол Орал жақтың қызы болса керек дедік», — — деді С.Сүйгенбайұлы.

Бір қызығы, бабаларының жатқан жерін ұрпағының көпшілігі білмеген.

«Дінмұхамед бала кезінде әкесі Меңдіахмет екеуі сапар шеккенде ат басын бұрып құран бағыштап өтеді екен. Кейін албанның атқа мінген ұлдарын көрсе сұрайды екен. Әкелеріңнің жатқан жерін білесіңдер ме деп. Тәуелсіздік келген соң барлығы жоғалғанын іздей бастады емес пе», — деді шырақшы С.Сүйгенбайұлы.

Сөйтіп Дінмұхамед Қонаевтың көрсетуімен 90 жылдары артында қалған ұрпақтары жиналып ас беріп, басын көтерген екен.

Сол кезде қарапайым мазардың айналасына шағын бақ отырғызылып, ғибадат бөлмесі салынған екен.

Қазір бұл орын ауруына шипа іздеген жандардың ағылып келетін орнына айналды. Тура төбенің  астында бұлақ ағып жатыр. Бұлақ суын ішкен адам да жуынған адам да ауруына шипа табады.

Судың химиялық құрамын зертханадан өткізгенде, оның құрамында ауыр метал мүлде жоқ, күмісі мол екені анықталды. Жақында төбешіктің жоғарғы жағынан бұлақтың тағы екі көзі ашылды. Ол жерде қыстың қақаған аязында да адамдар құйынады.

Бұл жердің қасиеті туралы ел аузында әңгіме көп. Бала көтермей жүрген келіншектердің көбі сәби сүйген. Су қараңғы соқыр қыздың көзіне сәуле жүгірген деседі. Мазар маңында бір түнеп ащы суға құмарлықтан арылып жатқандар қаншама.

Тіпті, сонау Мәскеуден, Омскіден туристік мақсатта келіп рухани күш алып кетіп жатқандар баршылық. Дәл осындай адамды сабырға шақыратын, көңілге демеу беретін, рухани тазаруға сеп болатын киелі жердің көп болғаны қазақтың осы уақытқа дейін өзін жоғалтуынан сақтап келеді.

Мұның өзі Мемлекет басшысы айтқандай, тұтаса келгенде халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін құрайды.

https://kaz.inform.kz/news/dunie-didarindagi-dimash-anshnn-tugan-zherndeg-korme-kantarda-da-zhalgasadi-7f471f

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *