Кез келген мемлекет өткен тарихынан сабақ алып, ұлы тұлғаларын әспеттейді. Осыған орай, Қарадала шайқасында ерен ерлік көрсеткен Әлмерек Жаншықұлының өнегесі және Шонжы атауының шығу тарихы туралы ойды оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Қарадала шайқасы: зерттелмеген тарих беттері
Қазақ жеріне жоңғар шапқыншылығы кезеңіндегі ірі шайқастардың бірі Жетісу өңіріндегі Қарадала аймағында өткен. Бұл оқиғалар, өкінішке қарай, әлі күнге дейін толық зерттелмей келеді. Бұның бір себебі – қытай мұрағатындағы (манчжур-қытай тіліндегі) материалдардың жабық болуында.
Еуропа тарихындағы атақты «Марафон жазығындағы» немесе «Каталаун даласы» шайқастары кеңінен дәріптеліп, зерттелгенімен, ауқымы жағынан олардан кем түспейтін Қарадала аймағындағы шайқастар тарих ғылымында өз бағасын алмай отыр.
Отарлаушылар «Қарадала» атауын санамыздан өшіруге тырысқанымен, ол халықтың тарихи жадында сақталып қалды. Тіпті кейінгі отарлық барлау экспедицияларының материалдарында да атау тайға таңба басқандай көрсетілген. Мысалы, «Материалы по обследованию туземного и русского старожильческого хозяйства и землепользования в Семиреченской области / Собранные и разработанные под руководством П.П.Румянцева» (Т.3. Джаркентский уезд киргизского хозяйства. С.-Петербург, 1912) кітабында Албан руларының қоныстары, жайлау, күзеу, қыстаулары арасында «урочище «Кара-дала» атауы жиі кездеседі (177, 223, 225, 227, 228, 229, 234, т.б. беттерде).
Әлмерек Жаншықұлы: батыр, қолбасшы, абыз
Қарадала жазығындағы қиян-кескі шайқастар талай батырды тарих сахнасына шығарды. Солардың бірі әрі бірегейі – Әлмерек Жаншықұлы. Ол – соғыс өнерін шебер меңгерген қолбасшы, сөз қадірін ұғынған шешен, ақылман-абыз, қасиет дарыған тарихи тұлға.
Негізгі мәліметтерге сүйенсек, Әлмерек Жаншықұлы 1658 жылы туып, 1754 немесе 1756 жылы қайтыс болған. Туған және қайтыс болған жері туралы деректер әртүрлі: «Айбын» энциклопедиясында Алматы қаласындағы «Әлмерек тоған» (бұрынғы Гагарин ауылы) туған жері, ал қайтыс болған жері 1756 жыл деп көрсетілсе, «Жетісу» энциклопедиясында туған жері Әулиеата маңайы (қазіргі Жамбыл облысы), қайтыс болған жері және уақыты – 1754 жыл, Алматы өзені жағасы (қазіргі Әлмерек ауылы) деп көрсетілген.
Шонжымен жекпе-жек және «Шонжы» атауының шығу тарихы
Қытайдағы қазақтардың берген мәліметтері негізінде жазылған Әскер Тойғанбектің «Қайран елім» деректі романында, сондай-ақ, өмірін Әлмерек баба мен Д.А.Қонаевтың тарихын зерттеуге арнаған Ораз Қауғабайдың кітабында жоңғар қоңтайшысы Ғалдан Бошактудың Шығыс Жетісу жеріндегі қазақтарды бағындыруға 10 мың қолмен жіберген бас қолбасшы батыры Шонжымен болған жекпе-жекте Әлмеректің жеңіске жетіп, Шонжының басын алғандығы баяндалады. Бұл мәліметтер Төлен Қаупынбайұлының «Бабалар аманаты», «Суырылған семсерлер» кітаптарында да расталады (деректер Айтуған Шәйімов – Кеген ауылы; Оразалы Батырбеков – Шыбышы ауылы тұрғындарынан алынған).
Шонжы атауының шығу тарихына келер болсақ, Шонжы деген қалмақ батыры туралы деректер мардымсыз, тіпті жоқ деуге болады. Себебі, оның тарихи беделі мен атқарған қызметі, көзге түсерлік батырлық әрекеті болмағандықтан, ел аузында, шежірелер мен естеліктерде сақталмаған.
Шонжы атауы – Шонжы жоңғар батырының Әлмерек батырмен жекпе-жекте қаза тапқан жерінің атауы. Кейін «өлгені» сөзі түсіп, «Шонжы» аталып кеткен. Бұл – тарихи дәлелді дерек. Оған дейін бұл алқап «Әлмерек жайы» деп аталған.
Түркітанушы С.Е.Маловтың «Шонжы сөзі «кең, жай, танап» мәніндегі сөз тіркесі» деген пікірін басқа ғалымдар да мақұлдайды. Анық мағынасы мен шығу төркіні қытай жазбаларында да белгісіз.
Түркітанушы Нәпіл Базылханның пікірінше, «Шонжы атауы «Цонж» – алысты қарауылдайтын биік жартас, қорған, бекініс деген мағынаны береді». Алайда, Шонжы елді мекені орналасқан жер жазық дала болғандықтан және ол жерден жартас немесе көне бекініс орны табылмағандықтан, бұл болжамның қисынсыз екені айтылады.
«Ұйғыр атауы» дегенге де негіз жоқ, өйткені ұйғырлар қазақ жеріне 1881 жылы орыс патшасы мен қытай билігі арасындағы Іле аймағын Қытай жағына беру туралы келісім негізінде жазалау шараларынан қашып көшіп келген.
Қазақстан Орталық мемлекеттік архивіндегі құжаттарда 1871 жылы ұйғырларға Жетісу өңірінен жер қарастырылғанға дейін «Чунджа» атауының болғаны айтылады. Шындығында, тарихи деректерде бұл жер атауы жоңғар-қазақ соғысынан кейін ғана сирек кездеседі және XVII ғасырдың соңындағы карталарда, швед Ренаттың, Крафтың, т.б. орыс деректерінде, И.С.Унковскийдің жолжазбалары мен картасында (1722–1724) «Шонжы» топонимі аталмайды.
Шонжы туралы дерек пен карта сақталған «Сиюйтучжи» («Батыс өлке қарталары мен сипаттамалары») кітабында «Шонжы» атауы Іледен (Құлжа) оңтүстік батысқа қарай 300 ли (150 шақырым) жерде орналасқан деп көрсетілген. Бұл карталар Шонжы қаза тапқаннан 90–100 жыл өткеннен кейін жасалғандықтан, жер атауы ретінде қытай картасына түскен.
Қорытынды:
Қарадала өңіріндегі қиян-кескі шайқастарда сан мәрте ерлік көрсетіп, жоңғардың Шонжы батырын жекпе-жекте жер жастандырған Әлмерек Жаншықұлы – бүгінге үлгі боларлық, тәуелсіз елдің ертеңінің қорғаны болар патриоттарға рух беретін қасиетті де құдіретті тұлға. Ол – ұрпақтар санасынан ешқашан өшпейтін тарихи тұлға. Ал Шонжы атауы – түркілік емес, сырттан таңылған, тілімізге де, ділімізге де жат, жадымызды құлдық санадан тазартуды қажет ететін елді мекен атауларының бірі.
Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ,
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас директоры,
ҰҒА корреспондент-мүшесі