Home » АБЫЗ БАБА – АҢЫЗ БАБА

АБЫЗ БАБА – АҢЫЗ БАБА

АБЫЗ БАБА – АҢЫЗ БАБА

 триптих –

І. Әз бабаның батасы

Кескілескен жауымды жығайын деп,

Кеудесіне көк сүңгі тығайын деп,

Бабалардың дәстүрін алға тартып,

Бата сұрай келіпсің, Райымбек.

Бір биікке тұрыпсың шығайын деп,

Ұмтылыс, талабыңды ұғайын, бек.

Қолың  жай “Бисмиллә” деп, медет тілеп,

Мен батамды берейін, Райымбек!

Жаратқан иең жар болсын,

Төрт құбылаң сай болсын.

Екпініңнен қашқан жау,

Сая таппай зар болсын!

Тығыларға жер қалмай,

Көріне дейін тар болсын!

Басыңа қиын іс түссе,

Қара су да жол берсін!

Артыңнан ерген қалың қол,

Кектенген қара басыңды

Хан ұлымен тең көрсін!

Дұшпанның құтын қашырар,

Қашанда тұлғаң өр болсын.

Алқалы жұртың жиналса,

Әманда орның төр болсын!

Абыройың асқақтап,

Тәңіртаудай зор болсын!

Әумин!!!

ІІ. Әз бабаның болжамы

Жорыққа арнап тұлпарын тағалапты,

Балаларын бір күні аралапты.

Әр отауға бас сұғып жеке-жеке,

Ұрпақтарын Әз-бабам бағалапты:

Сыналар кез келген жоқ әлі депті,

Бұл балаға жете алмас бәрі депті.

Ұрпағынан батырлар шығады екен,

Ерлігімен бағалар Жәнібекті!

Ақ күн күтіп алдынан тұрған болар,

Берекесін Жаратқан бұрған болар.

Елдің  қамын ойлайтын ер шығатын,

Асыл тұқым бір ұлым Құрман болар!

Табанына кірмеген қара шөңге,

Жауға тиер сүңгіңді дара серме!

Байлығың мен барлығың мұндалап тұр,

Саба қорым қалады-ау, Баба, сенде!

Түзу ұшар түтіні ошағымсың,

Жиын-тойда бәйгеге қосарымсың.

Білім менен оқуға ыңғайың бар,

Молда-сопы көп шығар Тоқанымсың.

Талмай қанат сермейтін дара құсым,

Домбырамның әуенді шанағысың.

Шаңырақтың иесі атанарсың,

Қара қазан қалатын Қаракісім.

Кезең өтер бораны бұрқағы көп,

Ұлан өсер елімнің сұлтаны боп.

Алмағайып заманнан аман шығып,

Атанарсың Әлмерек ұрпағы деп.

Бар мен жоқты, ұрпағым, бағаларсың,

Ер сойынан әр сәтте саналарсың.

Өр еліңнің зәу биік шаңырағына,

Қасиетті уық боп қадаларсың!

ІІІ. Әз бабаның оралуы

Уа, Әлмерек, Ер – Бабам!

Нұр болып саулап санаға,

Оралдың дала, қалаңа.

Іледей құшып жеріңді,

Оралдың сай мен салаңа.

Таңдайға тамар сөзі боп,

Оралдың ақын, данаңа.

Ғасырлар салып араға,

Оралдың Қарадалаңа!

Тарихтың шарлап сан ізін,

Тірілтіп ертек, аңызын,

Жаңарған сайын жас ұрпақ,

Жаратқан тыңдап ғарызын,

Үлгі етіп әрбір ісің мен

Баталарыңның  маңызын,

Алыстағанда асқақтар

Тұлғаңды таудай таныдым.

Оралдың, Баба – Абызым!

Уа, Әлмерек – Абызым!

Өзіңсіз жоққа саналдым.

Тығырыққа  сан  қамалдым.

Бабам жоқ жерде жетім боп,

Қанша рет мен де жоғалдым!..

Есіміңді алсам аузыма

Берген жоқ едім топ алдын.

Есімнен  бір сәт шығарсам,

Есім ауғандай тоналдым.

Іледей болып айналып,

Оралдың, Баба, оралдың!

Сан түрін көріп ойранның,

Қалғаныма  аман  ойландым…

Жаратқан Ие Тәңірдің

Ғаділдігіне қайранмын!

Өтінен шығып майданның

Жаңарған  Елге айналдым.

Әруағың желеп-жебесе,

Сара жолға енді сайландым.

Ескерткіш болып оралған

Таудай тұлғаңнан айналдым!!!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *