Төл тарих тәуелсіз Қазақстан атты мемлекеттің қазіргі әлем картасынан өз орнын табу жолында саналы ғұмырын сарп еткен талай тау тұлғаны біледі. Ұлттың, жұрттың болашағы үшін басын бәйгеге тіккен ондай асыл азаматқа бағаны да, батаны да халық берген. Ел басына күн туған қысылтаяң шақта шаршы топта сөз бастап, қажет кезде атажауға қарсы қол бастаған Әлмерек Жаншықұлы сол санаулы бабамыздың бірі.
Әлмерек Жаншықұлы 1658 жылы қазіргі Әулиеата өңірінде дүниеге келген. Ұлы жүз, Албан руынан шыққан батыр, дана, әулие, аузы дуалы батагөй, ел басқару ісіне араласқан қайраткер. Өкінішке қарай, Тәуке хан билік құрған кезеңде өмір сүріп, жаугершілік заманда жоңғарлармен соғысып, еліне, жеріне қорған болған Әлмерек Жаншықұлының аты көп айтыла бермейді. Тарихи тұлғасы толық зерттелмеген. Алғаш рет батырдың есімі Жолдасбай Тұрлыбайұлының «Райымбек батыр» романында, Мұқағали Мақатаевтың «Райымбек, Райымбек» деген аяқталмаған поэмасында айтылған.
2019 жылы бабаның 360 жылдығына орай «Ұлы дала тұлғалары. Тарихи сабақтастық» атты конференция өтті. Айтулы жиынға келген Әлмерек бабаның ұрпақтары абыздың ұлағатты өмірі мен кіндігінен тараған ұрпақтарына қатысты тың деректермен бөлісті. Бүгінде ел әулие атаған Әлмерек бабаның даңқты ғұмырын баяндаған бірнеше кітап жазылған. Дегенмен тарихшылар батырдың тұлғасы әлі де зерттеуді қажет екенін айтады.